JOSPARLAR.KZ-Орта мерзімді және Қысқа мерзімді Сабақ Жоспарлар сайты

Кел, балалар ойнайық!

Бұл құралда мектеп жасына дейінгі балалардың жас ерекшелігіне сай ойын түрлері берілген. Ойын арқылы балалардың адамгершілік, эстетикалық, шығармашылық, ойлау қабілеттерін дамытуға арналған құрал. Әдістемелік құрал мектепке дейінгі мекемедегі мамандар мен «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу» мамандығы бойынша оқитын студенттерге арналған.

Өте ертеден-ақ психологтар мен педагогтар мектеп жасына дейінгі жасты ойын жасы деп атады. Әрине, бұл кездейсоқ емес. Бала не нәрсемен айналыспасын, оны ойын деп атайды. Мәселен,

  • Сен не істеп отырсың? – деп сұрасаң
  • Мен ойнап отырмын, — деп жауап береді.

Кішкентай баланың осы жауабы өзі айналысып отырған әрекеттерге байланысты айтылып тұр: шелекке құмды салу, допты лақтыру, қуыршақты асқа даярлау және т.б. Басқа сөзбен айтқанда, бала үшін ойын – бұл үлкендер әлеміне тән талаптар мен тиымдарға, жауапкеркершілігі бар міндеттерге қарамай-ақ өз тілегі мен қызығушылықтарын жүзеге асыра алатын оның тәуелсіз іс-әрекеті.

Бала үшін ойын – өзін-өзі жетілдіру мен өзін-өзі көрсетудің құралы. Ол оған «балалар» әлемінен шығып, өз әлемін құруға мүмкіндік береді.

Ойын баланың ақыл-ойы дамуы үшін ғана маңызды емес оның тұтасымен тұлғасының дамуында маңызды орын алатыны сөзсіз.

А.С.Макаренко: «Аса тиімді әдістің бірі – ойын. Балалық шақтағы ойын – бұл қалыпты жайт, бала үнемі ойнауы керек. Баланың ойынға деген құмарлығы бар, оны қанағаттандыру керек.

Балаға ойнау үшін уақыт қана бермеу керек, осы ойынмен оның бүкіл өмірін тәрбиелеу қажет. Оның бар өмірі – бұл ойын», — деп түйіндеді.

Балалар ойындары мазмұнына, ұйымдастырылуына, қолданылатын материалдарына және балалардың әрекеттеріне қарай бірнеше түрлерге бөлінетіні белгілі. Олардың әр қайсысының бала тұлғасының қалыптасуында және дамуында алар орны бар. Балалар ойындарының түрлері:

Сюжетті-рөлдік ойындар;

Сахналық ойындар;

Дидактикалық ойындар;

Шығармашылық ойындар және т.б.

Сюжеттік-рөлдік ойындар.Баланың жаңа білім, іскерліктер мен дағдыларды меңгеруінде сюжеттік-рөлдік ойындардың алар орны ерекше. Сюжеттік-рөлдік ойындарда бала бар билікті өз қолына алады, олай дейтініміз ол ойын жағдайын өзі қалыптастырады, үлкендердің рөлін өзі алады.

Сюжеттік-рөлдік ойындардың басты элементтеріне оның оқиғасы, мазмұны және рөлдері жатады.

Сахналық ойындар.Сахналық ойындар әдеби шығармаларды (ертегілер, әңгімелер, арнайы сахналауға жазылған шығармалар) ойнап көрсету дегенді білдіреді. Әдеби шығармалардың кейіпкерлері негізгі әрекет етуші адамдар болса, ал олардың қылықтары бала қиялында өзгеріске түскен оқиғалар – ойынның оқиғасы болады.

Дидактикалық ойындар.Мектепке дейінгі мекеменің жұмысында дидактикалық ойындар ерекше орынды алады, олар сабақта және балалардың өздігінен орындайтын іс-әрекеттерінде қолданылады.

Үстел үсті ойындары – мектеп жасына дейінгі балалар үшін өте қызықты. Түрі бойынша олар әр түрлі болып келеді: жұп картинкалар, лото, домино. Оларды қолдануда шешілетін тапсырмалар да әр түрлі және дамытушы болып келеді.

 

Әр түрлі жас топтарындағы балаларға арналған ойындар

3-4 жастағы балаларға арналған ойындар

Заттармен ойналатын ойындар

«Қуыршақ Айгүл тамақтанып отыр»

Дидактикалық міндеттері. Балаларда асхана ыдыстары туралы білімдібекіту, тілдерін белсендіру; қуыршаққа қамқорлық қатынасты, тамақтану

кезінде мінез-құлық мәдениетін тәрбиелеу.

Ойын ережесі. Түскі ас үшін ыдыстар дұрыс таңдалса, балалар алақандарын соғады, егер қате болса саусақтарымен сес көрсетеді.

Ойын әрекеттері. Қуыршақты тамақтандыру үшін ойыншық үстелді әзірлеу дастархан жабу, ыдыстарды, орындықтарды қою, қуыршақты үстелге отырғызу.

Ойынның барысы.Ойын топ бөлмесінде өткізіледі. Үстелде ыдыстар тұр: шайлық, асханалық, асүйлік. Қуыршақ Айгүл үстел басында отыр.

  • Балалар, Айгүлді тамақтандыру керек, — деп тәрбиеші қуыршақ отырған үстелді көрсетеді. – Мына жерде ыдыстар тұр (жанында тұрған үстелді көрсетеді). Қазір ойынды былай ойнаймыз: үстелге түскі асқа не керек соны ғана қою керек. Тәрбиешінің ретпен шақыруы бойынша балалар келіп, тиісті заттарды табады. Егер затдұрыс табылса, онда барлығы алақандарын соғады, қате болса, саусақтарымен сес көрсетеді.
  • Серік, сен Айнұрдың үстеліне не қоясың?
  • Мен, міне, мынаны қоямын, — дейді Серік.
  • Бұл қалай аталады?
  • Сорпаға арналған шұңғыл тәрелке.

Басқа балалар қолдағандарын білдіріп алақандарын соғады, ал Серік қуыршақтың алдына тәрелке қояды.

Балалар тәрбиешінің сұрауы бойынша қуыршақты тамақтандыруға не қажет болса, сол заттардың барлығын табады: тәрелкелер (сорпаға арналған үлкен және ұсақ), шанышқы мен қасық (үлкен және кіші), нан салғыш, кесе, балалар олардың аттарын атап, үстелге әдемі етіп орналастырады. Әрбір дұрыс орындалған әрекеттерден соң балалар алақандарын соғуды ұмытпайды. Ойынның соңында тәрбиеші балалардан Айнұрға асын дәмді болсын деп айтуды сұрайды, ал балалардың біреуіне қуыршақ тамақтанып болған соң үстелдің үстін жақсылап жинауды тапсырады.

«Ғажайып қап»

Дидактикалық міндеті. Балаларды заттардың өзіне тән белгілері бойынша тануға үйрету.

Ойын ережесі. Сипау арқылы таныс затты табу. Затты қаптан алып, тек ол туралы айтылған соң  ғана оны көрсету; егер зат дұрыс аталмаса, суреттеу бойынша танылмаса онда қапты ашпау.

Ойын әрекеттері. Затты сипалау; зат туралы жұмбақтарды шешу.

Ойынның барысы. Тәрбиеші ойынды ұйымдастыра отырып, балаларға таныс заттарды таңдайды. Барлық зат балаларға жақсы көріну үшін оларды жартылай шеңбермен отырғызып, қысқаша әңгіме өткізеді. Содан кейін, бірнеше баладан заттың аталуын қайталауды, оның неге керек екеніне жауап беруді өтінеді.

Тәрбиеші балаларға:

  • Қазір біз ойнаймыз. Қазір мен кімді шақырсам, сол келіп, менің қапқа салған затымды табуы керек.

Мағжан, үстелде жатқан барлық затты жақсылап қарап ал. Есіңде сақтадың ба? Енді теріс қара! Мен қапқа ойыншық саламын, ал сен менің қандай ойыншық салғанымды табасың (қапқа ойыншықты салады). Мағжан, енді қапқа қолыңды сал. Онда не жатыр? Сен дұрыс атадың ба? Ал енді Мағжан балалардың арасынан біреуін шақыр, ол да менің қапқа қандай ойыншық салғанымды табуы керек.

Барлық зат аталғанша, ойын жалғаса береді.

 

Үстел үсті ойындары

«Картинканы құрастыр»

Дидактикалық міндеті. Балаларды тұтас затты жеке бөліктерден құрастыруға жаттықтыру; ерік-жігерін, мақсатқа талпынуын тәрбиелеу.

Ойын ережесі. Таңдауда қателеспеу. Кім басқалардан бұрын жинап, өз картинкасын атап айтса, сол жеңеді.

Ойын әрекеттері. Жеке бөліктерді қарастырып, тұтас картинка құрастыру.

Ойынның барысы. Қорапта әр түрлі заттар бейнеленген тұтас картинкалар болады: жеміс-жидектер, ойыншықтар, өсімдіктер. Екінші қорапта дәл осы картинкалар төрт бөлікке бөлініп салынған. Тәрбиеші балаларды картинкалармен таныстырады. Олар картинкада не бейнеленгенін атап айтады. Сосын кейін картинканың жеке бөлігін көрсетіп, балалардан сұрайды:

  • Сендер қалай ойлайсыңдар мына кесінді қай картинканікі?
  • Алмұрттікі, — деп жауап береді балалар.

Тәрбиеші картинканың жеке бөлігін тұтасқа орналастырады.

  • Ал енді алмұрттың басқа бөлігін табайық.

Балалар тәрбиешімен бірге алмұрттың жарты бөліктері бейнеленген картинканы тауып, тәрбиешіге береді. Барлық жеке бөліктер табылып, тұтас картинканың қасына қойылған соң, тәрбиеші балаларға:

  • Балалар, қараңдаршы, тұтас алмұрт шықты. Қазір мен сендерге картинка беремін. Айманға алманы, Берікжанға қызанақты. Айжан сен өз картинкаңды тап! Жанбекке сәбізді беремін. Картинка қайда жатыр? (Осылайша барлық бала бір-бір картинкадан алады). Ал енді жеке бөліктерден тұтас картинка құрастырыңдар. Бөлінген картинкалар үстелде жатыр.

Іздеу, табу, табылған жеке бөліктерді орналастыру үрдісінің өзі балаларды қызықтырады.

Ойынды кубик, пирамида және т.б. заттарды пайдалана отырып та өткізуге болады.

 

Сөздік ойындар

«Тап, кім шақырды»

Дидактикалық міндеті. Есту анализаторын жаттықтыру, балалардың өз құрбы-құрдастарына достық қатынастарын, зейінін, есін, бірігіп ойнауға деген тілектерін тәрбиелеу.

Ойын ережесі. Балаларға қарамай кім шақырғанын тек дауыс бойынша табу, оның атын дұрыс атау. Дауысын өзгертпей, атын қатты айту.

Ойын әрекеті. Кім шақырғанын іздеу.

Ойынның барысы. Балалар шеңберде тұрады. Тәрбиеші ойын ережесін түсіндіреді:

  • Бүгін біз балаларды дауысы бойынша табамыз. Сендер бір-бірінің дауысыңды білесіңдер ме? Нұрым, Адинаны шақыра ғой! Адина, сен, Жанбекті шақыр! Балалар, Нұрым мен Адинаның дауысы әр түрлі ме?
  • Иә, — деп жауап береді балалар.
  • Бірақ оларды сөйлегенде көрдік.

Ал ойынды табатын балалар көзін жұмады да, тек дауысы бойынша кім шақырғанын тауып оның атын айтады. Осыдан кейін тәрбиеші ойыншылардың біреуін қасына шақырады. Ол келіп, көзін жұмады (немесе балаларға арқасымен қарап тұрады), ал жүргізуші ойынға қатысушылардың бірінің қасына келіп, белгі береді, ол оның атын қатты дауыспен айтады.

  • Кім сені шақырды? – деп сұрайды тәрбиеші.

Кімді шақырды, сол досының атын атайды. Барлық бала ойынға қатысқанша ойын жалғаса береді.

Осы ойынды балалар бір-бірін жақсы біледі және аттарын естерінде сақтайды. Ойын балаларды бір-біріне жақындастырады, сондықтан оны жылдың басында өткізген дұрыс.

 

«Құстар»

Дидактикалық міндеті. Балаларды сөзі мен әрекетін сәйкестендіре білуге жаттықтыру; балалардың тілін белсендіруді жалғастыру.

Ойын ережесі. Құс болып жүрген балалар өз әрекетін тақпақтың сөздерімен сәйкестендіруі керек. Құстар өз қалауымен басқа құстарды таңдай алады.

Ойын әрекеті. Құстардың қозғалысын келтіру: жаңа құстарды таңдау; құстарды бейнелейтін бас киімдерді қолдану.

Ойынның барысы. Тәрбиеші балаларға құстар туралы тақпақ оқып береді.

Кімнің құс болғысы келеді? (Кім ойнағысы келеді, соларға тәрбиеші құстың бас киімін кигізеді). Бәріміз бір шетте орындықтарға отырып, қарайық, құстар қалай ұшады, сосын қалай қонады, қалай бір-бірінің қасына отырады, қайтадан кері ұшады.

Балалар мен тәрбиеші тақпақты айтып отырады, ал құстар соған сәйкес әрекеттерді орындайды. Содан кейін олар жаңа құстарды таңдайды, осылайша ойын жалғаса береді. Ойынды бірнеше рет қайталауға болады.

 

 

 

 

4-5 жастағы балаларға арналған ойындар

Заттармен ойналатын ойындар

«Неден жасалған?»

Дидактикалық міндеті. Балаларды заттардың жасалған материалдары (темір, резина, әйнек, ағаш, пластмасса) бойынша топтастыра білуге үйрету; балалардың сөздіктерін белсендіру; байқағыштықтарын, зейінін, ойын ережесін орындай білу іскерлігін тәрбиелеу.

Ойын ережесі. Заттарды өз материалынан жсалған подносқа жинау.

Ойын әрекеттері. Заттарды сипау, суреттеу арқылы табу; әр түрлі материалдардан жасалған заттарды іздеу; оларды сапасы бойынша топтастыру; «Ғажайып қапты» қолдану.

Ойынның барысы. Бұл ойынды өткізу үшін әр түрлі материалдардан (ағаш, резина, темір, пластмасса, әйнек) жасалған заттарды таңдау қажет.

Тәрбиеші ойын басталмас бұрын, балалардан қандай материалдарды білдіретіндерін, олардан қандай заттар жасалғанын еске түсірулерін сұрайды, балалардың бізді қоршаған барлық заттардың қандай да бір материалдан жасалатындығы туралы білімдерін нақтылау мақсатында қысқаша әңгіме өткізеді.

Ойынның соңында міндетті түрде қорытындысы шығарылады.

 

«Кім жылдам жинайды?»

Дидактикалық міндеті. Балаларды көкөністер мен жемістерді топтастыруға үйрету, тез қимылдауға, ұстамдылыққа, жинақылыққа тәрбиелеу.

Ойын ережесі. Жемістер мен көкөністерді себеттегі белгі бойынша (бірінде – «алма», екіншісінде – «қияр») жинау керек. Барлық заттарды себетке, қателеспей жылдам жинаған топ жеңеді.

Ойын әрекеттері. Заттарды іздеу, топтардың жарысы.

Ойынның барысы. Тәрбиеші балалардың көптеген жемістер мен көкөністерді білетінін айтып, естеріне түсірулерін сұрайды.

  • Қазір біз жарысамыз. Қай топ өнімді жылдам жинайды екен. Мына себетке (формасы бар картинканы көрсетеді) жемістерді, ал мынаған (қияр бейнеленген) – көкөністерді жинау керек. Кім барлығын жинап болдық деп ойласа, себетті көтеру керек. Біз олардың бақшада ешнәрсені ұмытып кетпегенін тексереміз.

Тәрбиеші балалармен біріге отырып еденге (немесе алаңға) көкөністер мен жемістерді орналастырады. Екі топ бөлінеді: көкөнісшілер және жемісшілер (3-4 адамнан). Тәрбиешінің белгісі бойынша (қол шапалақтау) балалар көкөністер мен жемістерді тиісті себеттерге жинайды.

Қай топ себетті бірінші болып көтерсе, солар жеңеді (олардың қателеспегенін тексеру керек). Жеңіске жеткен топ аталады. Одан кейін басқа топ таңдалады да, ойын жалғаса береді. Соңында жеңіске жеткен топтар арасында жарыс ұйымдастыруға және өте тапқыр, жылдам, жинақы балаларды анықтап, марапаттауға болады.

 

Үстел үсті ойындары

«Жұп картинкалар»

Дидактикалық міндеті. Балалардың байқағыштығын, суретте бейнеленген заттардың ұқсастығы мен айырмашылығын таба білу іскерлігін тәрбиелеу; сөздік қорларын жетілдіру: ұқсас, әр түрлі, бірдей.

Ойын ережесі. Бірдей картинкаларды жинау. Кім қателеспесе, сол жеңеді.

Ойын әрекеттері. Бірдей картинкаларды іздеу.

Ойынның барысы. Балалар картинкалар орналастырылған үстелдің басында отырады. Картинкалар өте көп (10-12), әр түрлі, бірақ олардың арасында екі ұқсасы бар. Тәрбиеші балалардың біреуінен бірдей картинканы тауып, атын атап, оны басқаларға көрсетуді сұрайды. Жұп картинкаларды бір жаққа жинай береді. Содан кейін тәрбиеші барлық картинканы араластырады да (олар аударылып тұру керек), балаларға білдірмей тағы бір жұп картинканы қосады. Оларды қайтадан дұрыс жағымен қойып, тағыда бірдейлерін табуды ұсынады. Бұл кездегі ойынның күрделілігі мынада, картинкалардың арасында өте ұқсастары болады, бірақ бірдей емес, мысалы: кеселер түсі мен формасы бойынша бірдей, бірақ біреуінде ұстайтыны бар, екіншісінде жоқ, яғни оларда балалар бірден байқамайтын шамалы айырмашылықтары болады.

Ойынды біртіндеп күрделендіре отырып, бір жұпты емес бірнеше жұп картинкаларды табуды ұсынуға болады.

 

 

 

«Не артық?»

Дидактикалық міндеті. Балаларды заттарды қолдануда қателерді көре білуге үйрету; байқағыштығын, өз пікірінің дұрыстығын дәлелдей білу іскерлігін дамыту; еңбек құралдары туралы білімдерін бекіту.

Ойын ережесі. Артық картинканың ғана бетін жабу. Қажетсіз затты кім тапса, сол жеңедң.

Ойын әрекеттері. Қажетсіз затты табу және оны ақ қағазбен жабу.

Ойынның барысы. Ақ форматта әр түрлі мамандық иелерінің суреттері салынған, ал оның жанындағы торларда – жұмысқа керекті еңбек заттары мен құралдары салынған. Олардың арасында сол мамандыққа қажет еместері де болады. Мысалы, азық-түлік дүкеннің суреті, ал жанындағы торда оған қажетті заттар бар, сонымен қатар олардың арасында қажет емес заттар да бар. Ойынға қатысушы балалар оны байқап, қажетсіз емес заттарды таза ақ қағазбен жабу керек. Әрине, бұл ойында балаларға таныс мамандықтар алыну керек.

 

Сөздік ойындар

«Үйшікте кім тұрады?»

Дидактикалық міндеті. Балалардың жануарлар туралы білімін, дыбыстарды дұрыс айту іскерлігін бекіту.

Ойын ережесі. «Үйшікте кім тұрады?» деген сұраққа кім үйшікте тұрса, сол балалар ғана жауап береді (балалар жануарлардың дыбысын салады).

Ойын әрекеттері. Дыбыспен еліктеу; әр түрлі жануарлар мен құстардың қозғалысын көрсету.

Ойынның барысы. Тәрбиеші балаларды бірнеше топқа бөледі (3-4-5). Балалар өздеріне таныс құстарды немесе жануарларды қозғалыспен көрсетеді.

Әр топ орындықтардан өздеріне үйшік жасайды. Тәрбиеші балаларға әркім өз үйшігінде болатынын, сосын өздері бейнелейтін жануарлардың дауысымен айқайлайтынын айтады. Сосын тәрбиеші әр топпен балалар көрсететін дыбыстарды қайталайды. Содан кейін ол кезекпен барлық үйшікке жақын келіп, есігін қағады да:

  • Тақ-тақ-тақ, бұл үйшікте кім тұрады? – деп сұрайды.

Балалар жануарлар немесе құстар дауысымен жауап береді.

Тәрбиеші үйшіктерде кім тұратынын табады.

Егер балалар дыбысты нашар (анық және қатты емес) айтса, тәрбиеші оны қайталауды өтінеді. Егер «Кім үйшікте тұрады?» деген сұраққа: «Біз «мысықтар, күшіктер»және т.б.» деп жауап берсе, онда тәрбиеші олардан олардың қалай дыбыстайтынын сұрайды.

Ойын бірнеше рет қайталанады, ал жануарлар саны біртіндеп көбейтіледі.

Бір сабақта балалардың рөлін ауыстырмаған жөн, өйткені олар шатастырып кімді бейнелегендерін ұмытып қалуы да мүмкін.

 

5-6 жастағы балаларға арналған ойындар

Заттармен ойналатын ойындар

«Ұқсайды – ұқсамайды»

Дидактикалық міндеті. Балаларды заттарды салыстыруға түрі, түсі, формасы, көлемі, материалы бойынша ұқсастықтарын байқауға үйрету; байқағыштығын, ойлауын, тілін дамыту.

Ойын ережесі. Екі затты алып, оның ұқсастықтарын көрсету іскерлігі. Кімді көрсетсе, сол жауап береді.

Ойын әрекеттері. Ұқсас заттарды іздеу.

Ойынның барысы. Алдын-ала әр түрлі заттар даярланып, оларды бөлмелерде балаларға байқатпай орналастырады.

Тәрбиеші балаларға бөлмеде көптеген заттардың бар екенін, олардың бірдей және әр түрлі, ұқсас немесе мүлдем ұқсамайтындарын айтып, естеріне түсіреді.

  • Бүгін біз бір-біріне ұқсас заттарды табамыз. Олар түсі, формасы, көлемі, материалы бойынша ұқсас болуы мүмкін. Енді ойын ережесін тыңдаңдар, әрқайсың бөлмені аралап, екі ұқсас затты алыңдарда, орындарыңа отырыңдар. Тәрбиеші кімді көрсетсе, сол затты неге алғанын және олардың ұқсастықтарын айтып беруі керек.
  • Қасық пен машина қалай ұқсас. Балалар түсінбей күледі. Әрине, олар ұқсас емес.

Ал оларды ұқсас деген бала өз таңдауының дұрыс екендігін дәлелдеуге талпынады.

Осылайша, балалар ойнай отырып, заттардың ұқсастық белгілерін табуға үйренеді.

 

 

 

 

«Қонақ қай елден?»

Дидактикалық міндеті. Балалардың басқа ел тұрғындары туралы білімдерін бекіту;басқа ұлт өкілдеріне қызығушылықты, оларды құрметтей білуді, олардың өмірі туралы білуге деген тілекті тәрбиелеу.

Ойын ережесі. Картинкаға сәйкес басқа ұлт өкілінің ұлттық киімін таңдау; қуыршақты ұлттық киімімен киіндіру. Кім ұлттық киімді дұрыс және тез киіндірсе, сол жеңеді.

Ойын әрекеттері. Қуыршақты киіндіру; ұлттық би немесе өлең орындау.

Ойынның барысы. Ойын үшін қуыршақтың киімдері даярланады (5-6 ұлттікі). Тәрбиеші балалармен бірге отырып, ұлттық костюм киген, басқа республика балалары бейнеленген картинкаларды қарайды. Содан кейін ойын ережесін түсіндіреді:

  • Бүгін бізге қонақтар келді (көрсетеді). Олардың бізге концерт қойғысы келеді. Олардың ұлттық костюмдер кигісі келеді. Әр балаға бір-бірден картинка таратады. Олардың киімдері үстелде жатыр. Қонаққа керекті киімді тауып, оны киіндіру керек.

«Киіндіруді бастаңдар!» деген тәрбиешінің белгісімен балалар ойынға кіріседі. Кім қуыршақты тез және дұрыс киіндірсе, сол жеңімпаз болады.

Ойын концертпен аяқталады. Қонақтар өзлерінің ұлттық өлеңдерін айтады, ұлттық билерін көрсетеді, тақпақтарын оқиды.

Бұл ойында балаларды интернационалдық тәрбиесіне тәрбиелеуге мән беріледі: тәрбиеші балаларға көп ұлтты Еліміз туралы әңгімелейді, адамдардың өмірі туралы картинкалар мен суреттерді көреді, әр елдің жалау, ел таңбаларымен таныстырады. Балалар ойында осы білімдерін қолданады.

 

Үстел үсті ойындары.

«Қалаға саяхат»

Дидактикалық міндеті. Балалардың туған қаласы туралы білімдерін бекіту: онда кімдер тұрады, еңбек етеді, қандай транспорт түрлері бар, қала қалай безендірілген.

Ойын ережесі. Өз тобына тапсырмаларға сәйкес картинкаларды таңдау: адамдар, транспорт, еңбек, қаланы безендіру.

Ойын әрекеттері. Картинкаларды іздеу. Белгі бойынша әрекет ету.

Ойынның барысы. Тәрбиеші алдын-ала картинкаларды таңдайды: біреуінде – қала тұрғындары (оқушылар, балаларымен аналары, қолында сөмкесі бар апа, студенттер және т.б.); екіншісінде – еңбек етіп жатқан адамдар(құрылысшылар,дүкеншілер,шоферлер және т.б.); үшіншісінде – транспорттар (автобус,трамвай, мотоцикл және т.б.); тағы бірінде – қаладағы мекемелер және безендірулер (почта, дүкен – азық-түлік, кітап, дем алатын алаң және т.б.).

Картинкалар үстелдерде бөлменің әр жеріне орналастырылады.

Санамақтың көмегімен балалар3-4 адамнан 4-5 топқа бөлінеді. Әр топқа тапсырма беріледі: біреуіне – қалада кімдер тұрады және адамдар бейнеленген картинкаларды жинау; басқасына – адамдар немен жүр, транспорт түрлері бейнеленген картинкаларды жинау; үшіншісіне – еңбектеніп жатқан адамдар; төртіншісіне – қаладағы ең әдемі безендірілген мекемелері бар картинкаларды жинау.

Белгі бойынша саяхатшылар бөлмелерге кетеді де керекті картинкаларды жинайды, ал басқалары оларды бақылап, келулерін тосады. Өз орнына келген саяхатшылар картинкаларын өздеріне берілген орындарға қояды. Ойынға қатысушылар картинкаларды неге алғанын және онда не бейнеленгенін әңгімелейді. Картинкаларды қатесіз және тез тапқандар жеңеді. Ойын жалғаса береді, сондай-ақ ойын барысында кейбір картинкаларды ауыстыру керек.

 

Зоологиялық домино

Дидактикалық міндеті. Балалардың жабайы және үй жануарлары туралы білімдерін бекіту; зейіндерін тәрбиелеу.

Ойын ережесі. Кім өз картинкаларын бірінші қойса, сол жеңімпаз болады.

Ойын әрекеттері. Зейінді болу, өз карточкасын уақытында қою, жүрісін өткізіп алмау.

Ойынның барысы. Карточкаларда жабайы және үй жануарлары бейнеленген. Төрт адамнан ойнайды. Карточкалар теріс аударылып қойылған. Балаларға 6 карточкадан алу ұсынылады. Содан кейін тәрбиеші ойын ережесін еске түсіреді: тек бірдей карточкаларды қою. Егер тиісті картинка жоқ болса, онда бала жүрісін тоқтатады? Егер ойыншылардың біреуі карточкасыз қалса, онда ол ойында жеңімпаз болады. Ойын жалғаса береді, бірақ карточкаларды араластыруды ұмытпау керек.

 

Сөздік ойындар

«Сөйлемді аяқта»

Дидактикалық міндеті. Балаларды құбылыстар арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды түсінуге үйрету; сөзді дұрыс таңдауға жаттықтыру.

Ойын әрекеттері. Көрсеткішті бұру.

Ойынның барысы. Тәрбиеші сөйлемді бастайды, мысалы, «Менің жылы тонды киген, себебім…» — балаларға оны аяқтауды ұсынады. Балалар: «… жылы болу үшін … тоңбау үшін» және т.б. жауап береді. Кімге көрсеткіш бұрылса, сол жауап береді.

Тәрбиеші алдын-ала сөйлемдерді әзірлеп қоюы керек. Мысалы: «Біздің шамды жаққан себебіміз…», «Қолшатыр алған, себебіміз…» және т.б.

Келесі жолы аяқталмаған сөйлемдерді балалардың өздеріне құрастыруды ұсынуға болады.

«Кім көп біледі?»

Дидактикалық міндеті. Балалардың есте сақтауын; заттар туралы білімдерін молайту; тапқырлыққа, жылдам ойлағыштыққа тәрбиелеу.

Ойын ережесі. Заттың қалай пайдаланылатынын айту.

Ойын әрекеттері. Жарыс, затты пайдаланудың түрлерін көп айту керек.

Ойынның барысы. Балалар тәрбиешімен бірге орындықтарға дөңгеленіп отырады. Тәрбиеші балалардан:

  • Менің қолымда стакан. Кім айтады, оны қалай және не үшін пайдалануға болады? – деп сұрайды.

Балалар:

  • Шай ішу үшін, гүлді суғару үшін, қарындашты салу үшін, күрішті өлшеу үшін, — деп жауап береді.
  • Ал енді ойнаймыз. Мен әр түрлі заттарды атаймын, сендер олармен не істеуге болатынын естеріңе түсіріп, айтасыңдар. Көбірек айтуға талпыныңдар.

Тәрбиеші ойын барысында қолданатын сөздерін алдын-ала әзірлеп қояды.

 

Сәбилер тобына арналған сюжетті-рөлдік ойындар

«Қуыршақты ұйықтатамыз»

Қажетті атрибуттар: қазақы бесік, кереует, төсек-орын, қуыршақтың жыл мезгіліне қарай үйде жүргенде киетін түгел болуы керек.

Ойын шарты. Тәрбиеші балаларды дөңгелете отырғызып, ақырын дауыспен сөйлейді. Қазір қуыршақ, ұйықтайды, бәріміз сыбырлап қана сөйлейік. Сендер қарап отырыңдар. Мен қуыршақты шешіндіремін. Әуелі аяқ киімін, калготкиін, сосын көйлегін шешіп орындықтың арқасына әдемілеп қоямыз. Қуыршақты төсекке жатқызып, баяу дауыспен бәріміз «Әй-әй, бөпем» өлеңін айтамыз.

Әй-әй бөпем, әй бөпем,

Ән айтайын, бал бөпем.

Ән тыңдағың келсе егер,

Және айтайын, жан көкем…

 

Бөпем менің ай ма екен,

Шекер ме екен, бал ма екен?

Ойнақтап бір бәйгеден,

Озып келер тай ме екен?

 

Әй-әй бөпем, әй бөпем,

Ұйықтадың ба, бал бөпем…

/С.Жиенбаев/

Қуыршақ ұйықтап қалды деп, бәріміз ақырын, тарсылдатпай шығайық дейді.

 

«Қуыршақ оянды»

         Қажетті атрибуттар:кереует, төсек-орны, қуыршақтың киімдері.

Ойын шарты.Қуыршақ кереуетте ұйықтап жатыр. Балаларды отырғызып тәрбиеші тұра ғой деп, қуыршақты оятады. Қуыршақты киіндірерде балалардан сұрай отыра, солардың айтқандарымен киіндіру.

  • Әуелі несін кигіземіз?
  • Колготкиін.
  • Дұрыс.

Колготкидің оң, терісін, қалай кигізуін балаларды қатыстыра отырып істеген жөн. Қуыршақтың киімінің түр-түсін де сұрау арқылы білгізу.

 

 

«Мынау не?»

Қажетті атрибуттар:кереует, төсек-орны.

Ойын шарты. Балаларды отырғызып, төсек-орны жинаулы тұрған кереуетті көрсетіп, біз қазір төсек-орындарды өз атымен жеке-жеке атаймыз. Мен мынау не? – дегенде сендер жауап бересіңдер.

  • Бұл не?
  • Жастық.
  • Мынау не?
  • Ол жастықтың тысы.
  • Мынау не?
  • Ол төсек жапқыш.
  • Дұрыс. Мынау не?
  • Ол көрпе.
  • Мынау сейсеп – деп тәрбиеші өзі айтады.

Балаларға қайталату.

  • Мынау ақ жайма.
  • Мынау не?
  • Ол құс төсек.

Бір баланы шығарып төсек-орынды қайтадан жинату.

 

«Қонжықты емдейміз»

Қажетті атрибуттар:қонжық, градусник, укол салатын шприц, дәрі.

Ойын шарты. Балаларды отырғызып, тәрбиеші қонжықты алдына алып, оның ауырып қалғанын хабарлайды. Қонжықтың қолтығына градусник қойып, денесінің қызуын өлшейді. Суық тиіп қалған екен, денесінің қызуы жоғары деп, қонжықты төсекке жатқызады. Емдемесе болмайды деп, тәрбиеші ине салады. Содан соң дәрі беріп, қымтап жатқызады. Қонжық ұйықтасын, біз бөгет жасамайық. Ұйықтап алған соң тәуір бола бастайды. Суық тиіп ауырып қалғанда, сендерге де дәрігер тәте ине салып, дәрі береді ғой, иә. Сендер де, қонжық сияқты жыламайсыңдар иә, сонда жылдам тәуір боласыңдар дейді.

 

 

 

 

 

Естиярлар тобына арналған сюжетті-рөлдік ойындар

«Дәрігер»

Ойынның мақсаты: Ақ халатты абзал жандардың игілікті еңбегіне деген балалардың сүйіспеншіліктерін арттыру. Дәрігердің сезімталдығы, кішіпейілділігі, қамқорлығы сияқты қасиеттерін жете түсіндіру. Ойынға тәрбиешінің қалай басшылық жасайтынын нақты мысалдармен көрсете білу.

Қажетті атрибуттар: дәрігердің ақ халаты, басына киетін қалпағы, градусник /пластмассадан жасалған дайыны болады, не қатты қағаздан жасап алу керек/, рецепті жазатын қағаз, қалам, фонендаскоп /кеудені тыңдайтын аспап/.

Ойын ережесі: Балаларды рөлдерге дұрыс бөлу, ойынды өз мәнінде өрбіте білу.

Ойын басталмас бұрын рөлдер тағайындалады: мысалы, «Дәрігер» — Қанат, «Мейіркеш» — Раушан, ауру бала – «қуыршақ», «ауру баланың шешесі» — Шолпан, «әжесі» — Айман т.б.

Ойын басталды: «Шешесі» ауру баласын дәрігерге әкелді. Қанат үндемей, градусникті қойды да, балаңыз «баспамен» ауырып қалыпты деп, дәрінің аты жазылған рецепт қағазын ұсынады. «Шешесі» баласын ертіп, кетуге ыңғайланады.

Міне, осы сәтте тәрбиеші ойынға араласады да, балалардың ойын кезіндегі жіберген кемшіліктерін түзетуге бағытталған сұраулар береді:

Тәрбиеші: «Балаңыздың» қай жері ауырады, денесі ыстық па?

Шолпан: Денесі ыстық, жөтеледі.

Тәрбиеші: Қашан ауырды?

Шолпан: Кеше түннен бері ауырды.

Тәрбиеші: Тамағы ауыра ма?

Шолпан: Білмеймін.

Тәрбиеші: Қане, аузыңды ашып көрсете ғой деп, шпадельмен тамағын қарайды. Тамағы қызармаған, жақсы екен. Енді өкпесін тыңдайын деп тонендоскоппен тыңдап, өкпесінде сырыл бар екен, суық тиіпті, — деп, «шеше» рөліндегі Шолпаннан «сізге жұмыстан босату қағазы керек пе?» — деп сұрайды.

Шолпан: Рахмет, керек емес. Үйде «әжесі» бар, сол кісімен болады.

Тәрбиеші: «Мейіркеш» үйіңізге барып, күніне үш рет «балаңызға» ине салады, не болмаса қыша жағылған қағаз, банка, /арқаға қоятын/ қойып береді.

Шолпан: Сізге көп-көп рахмет, — деп жауап қайтарады.

Тәрбиеші дәрігер рөліндегі Қанатқа қалай ойнау керектігін көрсетеді.

Бұдан балалар дәрігердің ауруға ерекше көңіл бөліп қарайтынын түсіне бастайды. Ойын барысында, егер дәрігерге келушілер кезек күтіп ұзақ отырып қалса, балаларға емханада шуылдауға болмайды, шу дәрігерге де, ауру адамға да бөгет жасайды деп, дер кезінде араласып, дұрыс бағыт беріп отырса, келесі жолы, тәрбиешінің араласуынсыз-ақ, өз беттерімен ойнайтын болады.

Кейде бір рөлді тәрбиеші өзі алуына болады. Мәселен, ауру адам боп, «Дәріханаларыңыз қай жерде, дәрі сатып алайын деп едім» …-дейді. Сонда балалар ойынды әрі қарай өрбітіп, мен дәрі сатушы болайыншы дейді де, нендей заттар сату керектігін сұрайды. Тәрбиеші түсіндіріп, сататын заттар: мақта, бинт, витамин /бұршақ кәмпиттер/, дәрінің қорапшаларын, т.б. заттар береді.

 

«Дүкен»

Қажетті атрибуттар:ойыншықтар, ыдыс-аяқтар, папье-машеден жасалған тағам түрлері, ақ халат, қалпақ, есеп шот, төрт бұрышты тақтайшалар /құрылыс материалынан/.

Ойынның мақсаты:Балаларды еңбекке, еңбекті құрметтей білуге, сыпайыгершілікке, ізгілікке, адалдыққа баулу.

Ойын шарты.Бұл ойынды әуелі жеке-жеке ойнап, әбден жаттыққаннан кейін үш дүкенді қатар ашып ойынды күрделендіру.

Балаларды рөлдерге бөлу: 2 бала сатушы, 1 бала кассир, қалғандары тұтынушылар.

Тәрбиеші ойын ережесін түсіндіреді. Ереже бойынша сатушылар да, тұтынушылар да бір-бірімен сыпайы сөйлеседі. Бір затты сатып алған соң, рахмет айтуды ұмытпауы керек. Сатушыда өз кезегінде «Тағы да келіп тұрыңыз», — деп ілтипат білдіреді.

Бірінші ойыншық дүкенін ұйымдастыру. Ойыншық сөресінің жанына үстел қойылып сөреде «Дүкен» деген жазу ілулі түрады. Кассирдің алдында есепшот, ақша салатын қорап, ақ қағаз, қарындаш. Ойыншық алғысы келген балалар ең әуелі кассирге ақшасын /тақтайшаны/ төлейді. Не алғысы келетінін айтады. Кассир чек жазып береді. Чекті алып сатушыға береді. Маған «жасыл қуыршақты беріңіз» — дейді.

Сатушы «алыңыз», -деп әпереді. Сатып алушы «рахмет», — деп жауап береді. Сатушы «тағы да келіп тұрыңыз» — дейді. Міне, осылайша ойынды әр жолы түрлендіріп, өрбітіп ойната беруге болады. Тәрбиеші ойынға жалпы басшылық жасайды. Егер ойынды өз мәнінде ойнап жатса, көмектеседі.

 

Ересектер және мектепке даярлық тобына арналған қазақтың ұлттық ойындары


«Ақ серек, көк серек»

Ойын шарты: Ойын жазда ойналады. Ойнаушылар екі топқа бөлініп, бір-бірінен 30-40 метрдей жерде қол ұстасып, қарама-қарсы қатар тізіліп тұрады. Екі топтың басқарушылары әр топтың оң жақ басында болуға тиісті. Жеребе бойынша ойынды бастау еркін алған команданың капитаны:

«Ақ серек, пен көк серек»

Бізден сізге кім керек?-

деп екінші топтан сұрайды.

Оған қарсыластары былай деп жауап береді:

«Ақ серек, көк серек

Сонау тұрған Азаматтың өзі керек»,-

деп қарсы жақтың ойыншысының атын атайды. Сол шақырылған бала жүгірген қалпымен қол ұстасып тізіліп тұрған топтың ең әлсіз деген жерінен келіп соғып, үзіп өтуге тырысады.

Егер үзіп кетсе, топтың үзген жерінен өз тобына баланы апарып қосады. Үзе алмаса, өзі сол топта қалады. Ендігі кезек екінші топқа беріледі. Олар да осы тәртіп бойынша ойынды жалғастырады. Сөйтіп, екі топ бірін-бірі ұтып алуға тырысады. Ақыры ұтылған жақтың адамдары аз мөлшерде не кейде жалғыз басқарушысы ғана қалатын кездері де болады.

Ұтқан топ жүлдесін алады. Жүлдені өз қалауынша ұсынады. Ойынның бұдан да басқа нұсқалары бар.

 

«Алақан соқпақ»

Ойынға қатысушылар үйге, не бір оңаша жерге жиналады да, дөңгелене отырады. Орталарынан бір бастаушы белгілейді. Оған сүлгі беріледі. Бастаушы шеңбер ішін айналып жүріп, біреуге «Алақаныңды тос!» — дейді. Ол тосады. Сол кезде, бастаушы оның алақанына ширатылған сүлгіні тигізеді де, тез тартып алады: «Сүлгі қайда?» — деп сұрайды. Сонда әлгі ойыншы «Анада», — деп, біреудің атын атайды.

Аты аталған ойыншы орнынан тұрады да, алақанын тосады. Бастаушы оның да алақанына сүлгіні тигізіп: «Сүлгі қайда?» — деп сұрайды. Әлгі ойыншы бір ауыз өлең айтады. Сонан соң: «Сүлгі анада» — деп, екінші біреуді көрсетеді. Ойын осы ретпен жалғаса береді. Жақсы өлең айтып, ән салғандарға ұпай жазылады. Кім көп ұпай жинаса, сол жеңімпаз аталады.

 

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

  1. Ғ.Дүкенбаева

«Мектеп жасына дейінгі балаларды ойын арқылы адамгершілікке тәрбиелеу», Алматы: Рауан, 1992. – 60 бет.

  1. А.Ж.Едігенова

«Ойната отырып тәрбиелейміз және дамытамыз»,оқу-әдістемелік құрал. – Семей, 2010. – 70 бет.