JOSPARLAR.KZ-Орта мерзімді және Қысқа мерзімді Сабақ Жоспарлар сайты

Отбасы – тәрбие бастауы

Дайындаған :  Табылдина Бағлан Жалғасбайқызы

Ақтөбе қаласы, Ғ.Ақтаев атындағы № 6 орта мектеп

«Отбасы – тәрбие бастауы»

 (баяндама)

Дайындаған :  Табылдина Бағлан Жалғасбайқызы

                           Ақтөбе қаласы,

Ғ.Ақтаев атындағы № 6 орта мектеп

 

Қоғам, мемлекет болған соң тәрбие керек екені сөзсіз. Ұлы Абайға жүгінсек, бұл тезистің дұрыстығына тағы да көз жеткіземіз. Дана бабамыз отыз жетінші сөзінде «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деп тәрбиесіз өмірдің дұрыс болмайтынын айтады. Екінші ұстаз атанған Әл-Фараби бабамыз да бақыт жолын сілтейтін нәрсе адам  бойындағы  ақыл- парасат, мәселе  сол ақыл – парасатты әділет пен  жақсылыққа бағыттай білуде. Жақсы ақыл — парасаттан тамаша әрекеттер, жаман ақыл- парасаттан нашар әрекеттер болады – деп көрсетеді.  Адамдардың басым көпшілігі үшін өмірдің мәні мен қызығы, мұраты отбасының тату-тәттілігі мен бейіл берекесінде, келе-келе одан өсіп, тараған ұл-қыздың ұясы мен қиясына қонуына тірек,  сүйеніш бола алуында.шар әрекеттер болады  –  деп көрсетеді. Адамның бақыты,  негізінен, бірегей қоғамдық құрылым болып табылатын отбасына байланысты. Қай заманда, қайсы елде болмасын адамзат ұрпағына отбасының аса құнды ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Себебі , отбасы мүшелерінің бір – біріне деген кісілік қарым -қатынасы,  эмоциялық сезімдері,  ілтипат ықыластары олардың жаны мен қанының табиғи бірлігіне, тұтастығына негізделген жақындық. Отбасы тәрбиесінің күші осында. Өмірге келген нәресте қоршаған ортамен ең алғаш өзінің отбасында танысады. Перзент үшін дүниеде ең жетілген, білімді де мәртебелі  адам –  ата – анасы.  Қазіргі отбасы өзімен — өзі қайнап жатқан бір әлем. Социологтардың басым бөлігі қазіргі қоғамдық отбасының негізгі қызметі — дүниеге адам әкелу, әлеуметтендіру, яғни балаларды осы қоғамда өмір сүруге әзірлеу,  экономикалық, яғни балалардың есеюіне көмек беру. Осы қызметтерді атқаруда отбасындағы тәрбие мына  міндеттерді іске асыруға тиіс, отбасында баланың  өсіп-жетілуіне,  денсаулығына қамқорлық жасап, тазалыққа дағдыландыру, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу. Отбасы мүшелерінің өзара дұрыс қарым-қатынасына, ата-ананы, жасы үлкенді сыйлап, құрмет тұтуға үйрету. Оқу, білім алу, мәдени мінез –құлық дағдыларын қалыптастыру. Отбасында баланың икемділігін байқап, кәсіптік бағдар беру. Әдебиетке , өнерге, мәдениетке, ғылымға құштарлығын тәрбиелеу, бос уақытты тиімді пайдалануға үйрету.  Тәртіптілікке, ұқыптылыққа, жауапкершілікке баулу. Қыз асырап , бала өсірген халқымыз баланы өз өмірінің жалғасы деп есептеп, оның тәрбиесіне көп көңіл аударады. Әр ата-ана өзі өсірген баласының саналы азамат болғанын қалайды. «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді қазақ.  Бала жасында қалай тәрбиеленсе , есейгенде де соны істейді. Жастайынан орнығып қалыптасқан тәрбие орынсыз көріністерге баланы сын көзбен қарауға үйретеді.  Одан соң бала тәрбиесіне ең үлкен әсер ететін  нәрсе – орта. Ұрпағының өнерлі, еңбек сүйгіш, үлгілі , абзал азамат болуын қалаған қазақ халқы бұғанасы енді қата бастаған қыз баланы төсек – орын жинау, ыдыс – аяқ жуу, кесте, өрмек тоқу, шай құю, су әкелуге ; ұл баласын мал бағып, күтуге , шөп шабуға, қора салуға, түрлі бұйымдар жасауға, зергерлікке үйреткен. Ән айтқызып, қобыз бен домбырада күй тартқызуға, өлең, жыр жаттауға, шабандоздыққа, жаңылтпаш айтуға, жұмбақ жасыруға, қонақ күтуге , түрлі ұлттық ойындарға баулыған.

Бала тәрбиесі – өзекті мәселе. Бала білуге жаны құмар, көргеніне еліктегіш, түсінбесе сұрағыш келеді. Баланың көкірегі таза, сыншыл және шыншыл болады. Баланың сол қасиетін сақтау үшін оған тура , шыншыл , адамгершілік тәрбие керек.

Кейбір ата – аналар «өзіміз көрмегенді балаларымыз көрсін» деп баласын еркін жібереді. Қалтасына ақша салып, «не керек болса  алсын, қиналмасын» дейді. «Осы тоқсанды  жақсы деген бағалармен оқысаң, олай етемін, бұлай етемін» деп уәделер береді. Осыдан келіп балада өзін жоғары ұстау пайда болады.

Бала нәзік, тәрбие жұмысы одан да нәзік. Ол жан – жақты ойлануды, шығармашылық ізденімпаздықты, тәрбиеленуші балаларға жанашырлықты қажет етеді. Өз халқын, Отанын сүйетін нағыз азамат тәрбиелеуде ата – ананың ролі ерекше. Ұрпақтан ұрпақта ауысып отыратын ізеттілік, адамгершілік, үлкенді құрметтеу, ұяңдық, пәктік сияқты халқымыздың асыл қасиеттері ерте заманнан бері ата – ананың қанымен, ананың сүтімен бойымызға сіңіп келеді.

Ең алдымен әке мен шеше өз ұлтымыздың әдебиетімен, мәдениетімен, тілімен, тарихымен, өнерімен тереңірек таныс болуы тиіс. Осындай талап тұрғысында әке мен шеше және жанұяның басқа да ересектерінің өзара  жақсы қарым  — қатынасы балаға айқын үлгі.

Жанұядағы үлкендердің бір – бірімен қарым – қатынасы, көңіл – күй ерекшеліктері, жүріс – тұрысы, еңбек – сүйгіштігі, ізденістері – бәрі балаға өнеге.

Баланы дұрыс тәрбиелеуді, жақсы әдет, дағды қалыптастыруды ерте бастап ескерген жөн. Ата – ананың өз ара тату – тәтті сыйластығы, мейірбандық пен ыстық ықыласы, сөйлеген сөздері бәрі – бәрі балаға ерекше әсер етеді. Жанұядағы ұрыс – керіс, орынсыз жанжал, балағат сөз баланы жақсы әдетке тәрбиелемейтіні белгілі. Өйткені бала іштей тынып, не істерін білмеуі мүмкін.

Жағымсыз көріністер баланың ар – намысына , пәк сезіміне дақ түсіреді. Ата – ананың оғаш мінезі балалардың дөрекі, тілазар, қатыгез, өзімшіл болып өсуіне  әсер етеді.

Баланың нағыз азамат болуына ықпалды ортаның бір – жолдас-жоралары , достары. Әр қилы жанұяда тәрбиеленген балалардың психологиялық ерекшеліктері де сан түрлі болады. Оларға өскен ортаның , туған – туыстарының , дос – жолдастарының ықпалы өте зор. Ата – ана баланың достарын, достық қарым – қатынастары , мінез – құлықтарын білгені жөн. Олардың өз ара қарым – қатынасына құрметпен қарау керек.

Ата – ананың себепсіз ренжіп, қабақ түйіп, осы балаларды неге ертіп келесің, басқа достар табылмады ма ? дегендей сөйлесуі дұрыс емес сияқты. Мұндай қөзқарас баланың намысына тиеді, қатты мазалайды. Ата – ананың жүріс – тұрысы , мінез – құлқы, көршілерімен, сыйлас достарымен қарым – қатынасы баланың өмір жолына сабақ болары хақ.

Ата – ана баланың өсу жолына , тіл мәдениетіне көңіл бөлуі керек. Баланың тілі икемге келмеген жағдайдағы күлдіргі сөздерін қайталап,  мазақтауға болмайды. Өйткені әр сөзді айтуға, өзі ойын, пікірін дәл жеткізуге баулу борышымыз. Сонда ғана баланың тіл тазалығы сақталып, сөздік қоры молаяды. Бұл мәселеге орай ұлы ағартушы Ы. Алтынсарин : «Баланы ауыз екі сөйлеуге үйретпейінше , қай тілде болса да еркін де, жүйелі сөйлеу мүмкін емес», — дейді. Қазіргі кезеңде қазақ халқының өмірінде бұрын-соңды болмаған оқуға, еңбекке , қоғамдық өмірге ықыласы жоқ балалар саны күннен күнге артуда. Олар дөрекі , әдепсіз, барлық жарамсыз әдеттерге еліктеуге бейім келеді Бұл мәселені тудыратын себептердің бірі- отбасы тәрбиесіндегі ата –аналардың жауапкершілік сезімінің жоқтығы  бала мінезінде мейірімсіздікті, қатыгездікті, дөрекілікті, өзімшілдікті туғызады.Ал, тарихқа көз жүгіртетін болсақ, кең байтақ өлкемізде буыннан –буынға жалғасып ұяттылық, әдептілік, көргенділік, мейірімділік салтанат құрып, үйлесімін тауып жатты. Міне, сол қымбат қасиеттердің бәрі отбасы, ошақ қасында бүршік атып,бұтағын жаяды.

Баланың сабаққа тыңғылықты әзірленуіне тиісті жағдай жасау        ата – ананың тікелей міндеті. Ықыласымен оқымайтын баладан нашар оқушы шығады.

Олардың көбі ата-ана бақылауынан тыс қалған балалар,  өйткені ата-аналар жұмысты желеу етіп мектеппен аз байланыста болады. «Тіпті класс жетекшісі кім?» деп іздеп жүретін ата-аналар да баршылық.

Мұндай ата-аналардың балалары оқуға селқос қарайды,  үй тапсырмасын тыңғылықты орындамайды, жиі-жиі сабақ жібереді.Сол себепті тиянақты сапалы білім ала алмайды.

Сабаққа дайындық кезінде баланың не бір тақырыпты ,  не есепті меңгере алмайтындығы белгілі. Бұл сәтте ата-анасынан көмек сұрайды  . Осындайда қолдан келгенше көмек көрсеткен дұрыс. Ал ата-анадан жәрдем ала алмаған бала сөзсіз тұйыққа тіреледі. «Сен ұлыңа көмектес, мен қызыма көмектесемін» деп бөліп алу да дұрыс емес сияқты, тәрбиеде ұл, қыз деп қарауға болмайды.

Қандай тәрбие болсын үйден ,  отбасынан басталады. Мәселен , еңбек тәрбиесі үй шаруасынан басталатыны ақиқат. Төсек орынды жинау, ыдыстарды жуу, түрлі тағамдар дайындау бәрі-бәрі еңбек.

Баланы еңбекке баулу – ата – ана  борышы. Қоғам тіршілігіне арналған еңбекке баланы құлшындыра алсақ, олардың талаптарын қанағаттандырғанымыз. Әдетте, ширақ балалар адамдармен лезде тіл табысады.Ал достары жоқ, не нәрсеге икемсіз балалар шеттеп қалатыны да рас. Жігерсіз балалардың жаман әсерлерге тез беріліп, өз құрбыларына теріс әсер ететіні болады . Жаман әдеттер қалыптасқан баланы бірден тәртіпке шақыру жеңілге түспейді. Әдет пен әдепке үйрену де үй ішінде тамыр алады. Мінез-құлықтағы түрлі өзгерістерге жауапсыз қарауға болмайды.

Кездесе қалған оғаш көріністі қалт жібермеу қажет.  Соның анық –қанығына жетпей балаға кешірім жасай салу жарға жыққанмен бірдей.

Балаға  «сенің  қолыңнан келмейді»,  «сен бұзықсың» ,  «сенен жақсы адам шықпайды» деп жеку қате. Мұндай сөз балаға кері әсер етеді.

Бала тәрбиелеуде аталық өсиет,  даналық сөздерді қолданған жөн.

Бала тәрбиесінің ана құрсағынан, отбасы, ошақ қасынан басталатынын ұмытпайық. Сондықтан, жанұядағы бала тәрбиесіне ата-ана  ерекше жауапкершілікпен қараған   жөн. Тәрбие үлгі көрсетуден басталады. Әке-шешесінің ата-апасын құрметтеп , қамқорлық көрсеткенін көріп өскен бала да өз әке – шешесіне солардай қарауды парыз деп түсінеді. Сол сияқты әкесінің аға – апайларын сыйлап ,  іні – қарындастарына  қарайласып тұрғандығын ұғынған бала  да өз туыстарын сыйлауды үрдіске айналдырады.             Сондықтан  «Қарға тамырлы қазақпыз» дейтін еліміз өзінің ата – бабасынан мирас болып келе жатқан туыстығын берік ететін салт — дәстүрлерін жаңғыртса , бірлігі мен берекесі артар еді. «Отан от басынан басталады» демекші , мейірімге толы , айрандай ұйыған отбасының тәрбиесін көрген бала – қоғамның толыққанды мүшесі. Әжесінің әлдиімен тербелген , атасының  ақ батасымен есейген ұл мен қыз – Отанының берік тұғыры.     Кейде үлкен адамдардың әңгімесін тыңдай қалсаң, олар бір кездері аядай бөлмеде он шақты адамның тату – тәтті тұрғандарын, бірлесіп шаруа жасағандарын тамсана еске алып отырады.  Ал қазіргі тұрмыс мүлде басқаша. Бес –алты  бөлмелі үйіміз болса да, ата – апаларымыз  бөлек үйде тұрады, аға – жеңгелеріміз үйлене  салысымен тез арада пәтер жалдаса да, бөлек шығуға асығады. Тұрмыс жақсарған сайын үйіміздегі жақын адамдарымыздың орындарын қымбат жиһаздар иеленетін сияқты. Барлығымыз жеке бөлмеміздің , дербес компьютеріміздің болғанын қалаймыз. Бұл, әрине, орынды. Бірақ осыған қол жеткізуіміздің нәтижесінде ең тамаша отбасылық қарым – қатынастардан айырылғанымызды сезбейміз. Мысалы, апамыз үйде болса , екі – үш жастағы балаларды таңертеңнен балабақшаға сүйремес едік, ана тілінде сөйлей алмайды – ау деп алаңдамас едік. Ұлттық тағам түрлерін жасауда қиналмас едік. Аталар болса  – тірі тарих. Көпті көрген кемеңгер адам жаныңда жүрсе жаман ба ?

Жанұя тәрбиесі ойдағыдай жолға қойылғанда ғана жас ұландардың мектептегі сан алуан жұмыстары нәтижелі болмақ.

Ұрпақ тағдыры дегеніміз — ұлт тағдыры. Әрбір ұлттың болашағы, оның білімді де іскер , талантты да мәдениетті, адамгершілік асыл қасиеттерді бойына сіңірген тәрбиелі ұрпақтардың қолында. Халықтық педагогика құндылықтарына үңіле отырып жастарды салауаттылыққа  тәрбиелеуде оның  озық үлгілерін оқу – тәрбие барысында кеңінен пайдалануымыз керек.

Қазақ халқы өз тіршілігінің сан ғасырлық тарихында өмірінің жалғасы, мұрагер балаға тәрбие берудің өзіндік әдеп – ғұрпын  жинақтады. Оларға бұқаралық жасампаз тәжірибесі, рухани бай орнықты қазыналары , сан қилы қағидалар топтастырылды.

Халықтың әлеуметтік — экономикалық , тарихи – географиялық  жағдайлары мен көшпелі өмір салтының өзіндік ерекшелігіне сәйкес  балаға жан – жақты тәрбие  берудің  өзгеге ұқсай бермейтін  өзіне  тән ерекше талаптары қалыптасты. Бала тәрбиесі көшпелі малшы отбасының күнделікті тұрмыс тіршілігімен тығыз байланыста болды. Содан да олар баланы жұбатса да, жақсы көрсе де , оның жақсы қасиеттерін бағалағысы келсе де өз тіршілігінің негізі болған малдың ерекше жақсы қасиеттеріне, сұлу тұлғасы мен әсем бейнесіне  теңеп, «қошақаным,құлыным, ботам, қозым» деп еркелетті.  «Қанағат қарын тойғызар» деп қанағатшылдыққа, үнемшілдікке пайымдаса , «бұлақ көзін аш» деп табиғатқа деген аяушылықты үйретті, бес уақыт намаз арқылы гигиеналық тазалыққа баулыса,  қырық парыздың бірі – ілім деп өнерге,  ілімге үйретті.

Әрбір адам  ол қандай мамандық иесі, қандай дәрежедегі қызметкер болмасын , ең алдымен,  шаңырағы аясында  ұл – қыз өсіріп, мәпелеп , солардың жемісін күтуші ата –ана. Оның қоғам алдындағы қайраткерлік тұлғасы ,  адамдық – азаматтық болмысы , тіпті өмірінің бар мәні мен сәні бірінші кезекте перзенттерін қалай тәрбиелеп жетілдірумен өлшенбек. Бұл әрбір ата –ананың ең жауапты , ең сындарлы қоғамдық қызметі деп түсінеміз. Ата – ана балаға тәрбие берумен  бірге өзі де тәрбиелі болуға тиіс.

Адам тәрбиесі – үдемелі қозғалыспен жүріп отыратын мәңгілік үрдіс.

Қазақтың тәлім – тәрбиесі – теңдесі жоқ даналық, қасиетті мектеп десек, артық емес.

Адамның бойына жақсы адамгершілік қасиеттердің сіңісуі ,өнер – білімді игеруі тәрбиеге , салауатты өмірге ,  өскен ортаға , үлгі — өнеге берер ұстазға байланысты. Осыны түсінген халқымыз  — «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы»,  «Тәрбиесін тапса  адам болар , оқуын тапса  білім қуар» деп ұлағатты ұстаздың еңбегінің  текке кетпейтінін өсиет еткен.

Жас ұрпақ тәрбиесінде үйлесімділік заңы салтанат құруы шарт , яғни ол өзінің өсу, есею кезінде ақ сүт беріп асыраған ата – анасымен  де, көкірек көзін ашқан ұстаздарымен де , қоршаған ортасы – табиғатпен  де өзара үйлесім таба білуі тиіс.  Әдетте , нәресте дүниеге келерде жақсы не жаман болып келмейді. Және де ол мүмкін емес. Жат қылық өсе келе жабысады.  Ата – аналардың да,  ұстаздардың да, қоғамдық ұйымдардың да басты міндеті – жас өскіндердің мөлдір шықтай таза , періштедей пәк жан дүниесін келеңсіз қылықтардан қызғыштай қорғай білуі дер едік.  Көсегімізді көркейтіп, көрпемізді ұлғайтар , ел абыройын асқақтатар  азаматтарымыз да өзіміз шыңдап жатқан бүгінгі балғындар. Салауатты өмір салтын орнықтырудың қазіргі таңда ерекше мән – мағынаға ,  зор мәртебеге ие болып отырғаны  да осыдан. Адам баласын еңбекке , кәсіпке үйрету  және оның еңбегін өнімді , жемісті ету адамзат қоғамы тарихымен бірге жасасып келе жатқан тәрбиенің нысанасы.   Бүгінгі адамзат ие болып,  мақтаныш тұтып отырған нәрсесінің  бәрін ғасырдан – ғасырға ұласып, бірін-бірі ауыстырып келе жатқан ұрпақтар жасаған.  Бұл орайда қоғам дамуының әрбір кезеңіндегі тиімді тәжірибеден үйреніп , оны дамыта беруі керек.