Дүйсенбаева Орынша Рахымқызы
Атырау қаласы, Махамбет ауданы
Чкалов атындағы орта мектеп
Бастауыш сынып мұғалімі
I санатты
Тақырыбы: Тұлғасы тұнған тәлім, есімі елге мәлім-Бауыржан Момышұлы
Мақсаты:
Білімділік: Жас ұрпақтың санасына ұлттық рухты дарыту олардың елін, жерін сүйетін патриоттық сезімін ояту, бабалар ерлігін насихаттау
Дамытушылық: Аты аңызға айналған, туған топырағымыздың тарланы қазақтың біртуар перзенті, әйгілі қобасшы Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының есімін ұлықтау өшпес ерлігін дәріптеу
Тәрбиелік: Отансүйгіштікке, батылдыққа, ерлікке, татулыққа еңбексүйгіштікке, парасаттылыққа тәрбиелеу
Көрнекілігі: Интерактивті тақтадан Б. Момышұлының суреті, бейне таспа, кітаптар көрмесі
Жоспар:
1 бөлім: Бауыржан Момышұлының өмірі
2 бөлім:Тарихи мәлімет «Ұлы Отан соғысы жылдарында». Б. Момышұлының Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі туралы деректер
3 бөлім:Бауыржан Момышұлы: Тарихи тұлға және көркем образ
4 бөлім: Бейбіт күндегі еңбек жолдары туралы деректер
I.Ұйымдастыру:
Cыр-сұхбат
Диктор: Фатима. Қайырлы күн құрметті көрермендер. Студияда мен Борис Фатима және қасымдағы әріптесім Қожахмет Нұрмұхаммед.
Фатима: Тәуелсіздік — жасампаз халқымызға сарқылмас қуат беретін, көзіне нұр, көңіліне шуақ құятын кәусар бұлағымыз. Бұл туралы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті. «Біз «Қазақстан 2050» стратегиясының ұлы мақсаттарына ұмтылдық. Әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуға қадам бастық. Оған бізді адастырмай апаратын жалғыз ғана жарық жұлдызымыз — Темірқазығымыз бар. Ол — тәубе қылатын, тәу ететін біздің ұлы Тәуелсіздігіміз. Тәуелсіздік — жасампаз халқымызға сарқылмас қуат беретін, көзіне нұр, көңіліне шуақ құятын кәусар бұлағымыз. «Келбеті сәнді, еңбегі мәнді болсын! Күллі халқымызға берекелі бірлік пен баянды тірлік тілеймін!»,-деді Президент.
Ал енді бүгінгі күннің жаңалықтарына назар аударайық. 24 – желтоқсан Кеңес Одағының Батыры, Нұрмұхаммед: Халық қаһарманы, жазушы, ғалым, психолог, гвардия полковнигі, аты аңызға айналған жарқын да дара тұлға Бауыржан Момышұлының Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында бүгінгі күні Бауыржан атамыз 106 жасқа толғалы отыр.
Мұғалімнің кіріспе сөзі.
Тарихта халық санасынан терең орын алатын ұлы тұлғалар бар. Олар өз халқының шексіз құрметіне бөленіп, есімі-ел ұранына айналған тұлғалар. Елдік пен ерліктің киесінде батырлық пен батылдықтың иесіндей,асылдық пен жасындықтың үлгісіндей аты аңызға айналған баһадүр батыр Бауыржан Момышұлы-тау тұлға.
Ол кісінің өмір жолы,сұрапыл соғыс жылдарындағы жанқиярлық ерлігі, өжеттігі мен өрлігі, алғырлығы мен көрегендігі-біле білгенге ұлы тәрбие, үлкен өнеге мектебі. Батыр Бауыржан Момышұлы-алмас қылыштай өткір де қайсар, дана да данышпан, шешен әрі ақын, «сөз қадірін өз қадірі, өз қадірі ел қадірі» деп бағалаған айбынды азамат. Осынау дара тұлғаның бүкіл саналы ғұмыры, ғибратқа толы істері, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері,
терең мағыналы ойлары әркімнің көкейінде. Оқушылар бүгінгі біздің тәрбие сағатымыз ерлік сабағы. Бауыржан атамыздың балалық шағына, ержеткен жігіттік шағына, ерлігі үшін берілген атақтарымен, жазған еңбектеріне, қанатты сөздеріне тоқталайық.
«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде Деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде. Ұрпақтар атар сексен мен жүздігімді, Тарихтың түкпірінен сөз келгенде» Бауыржан Момышұлы.
Мұғалім сөзі:
Бала Бауыржан. Бауыржан Момышұлы 1910 жылы желтоқсан айының 24- ші жұлдызында Жамбыл облысы Жуалы ауданы Көлбастау ауылында малшы отбасында дүниеге келді. Бала Бауыржан көпшіл, зерек, зерделі қайсар болып өсті, оның себебі «Ертексіз өскен бала рухани мүгедек адам» деп атасы Момыш пен әжесі Қызтумас Бауыржанды кішкентайынан ертек, аңыз әңгімелермен сусындатып, өмірдің жақсысы мен жаманын ажырата Парасатты ата мен әкеден, есті әжеден, білікті ұстаздардан білім тәлім – тәрбие алып, рухани дүниесін байытқан жас Бауыржан ауыл адамдарымен қарым- қатынас жасау барысында тәжірибеде шыңдалып, елін сүйген азамат болып қалыптасты.
Жігіт Бауыржан. Бауыржан Момышұлы 13 жасқа дейін ауылда, одан соң оқу іздеп Жамбыл, Шымкент қалаларындағы интернаттардан тәлім алып, білім нәрімен сусындайды. Мектепті бітірген жігіт Бауыржан бастауыш сынып мұғалімі, ауатком хатшысы, милиция бастығы болды. 1935 жылы Қызыл Армияға шақырылды. 1936 жылы әскери комиссариат Бауыржанды Ташкентке жіберді. Онда ол 14 ай взвод командирі болып, әскери қызмет атқарды. Қиыр Шығыста шекара күзетінде 5 жыл офицер болды.
Бейнеролик : Б. Момышұлының соғысқа аттануы
2 бөлім:Тарихи мәлімет «Б. Момышұлының Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігі туралы деректер
Мұғалім сөзі:
Бауыржанның ерлігі. Бауыржан Момышұлы сонау сұрапыл соғыс жылдарында «Отан үшін отқа түс күймейсің», «Ел үшін аянба – ерлігіңе сын» деп неміс фашистеріне қарсы аттанған. 1941 жыл Ұлы Отан соғысы басталған кезде Момышұлы Қазақ әскери комиссариатында қызымет атқарған. Генерал И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында 316 атқыштар дивизиясы жасақталып, Бауыржан Момышұлы онда батальон командирі, сегізінші гвардиялық дивизиясында рота, батальон, полк, кейін дивизия командирі қызметтерін атқарған, неміс- фашист басқыншыларына соққы берді.
Бауыржанның қаһармандық ерлігі туралы орыс жазушысы Александр Бек «Волокалам тас жолы» еңбегінде жан-жақты толық жазды. Бұл кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз тілдеріне аударылып бүкіл жер шарын шарлап кетті. Ең алдымен , сол кітап арқылы қазақ халқының ерлігі, біртуар ұлымыз Бауыржан Момышұлы есімі кең байтақ Отанымызға тегіс жария болды.Бауыржан Момышұлының лақап аты Шаңтимес.
Ән: Бауыржан-хор
Қиян-кескі арпалыс тұсында Бауыржанның өзі де сол дәуірге дөп келетін көптеген нақыл сөздерді тудырып еді.
1-оқушы: Анельа
1.Ақылды кісінің сөзіде, өзіде сүйкімді. 2.Ақкөңіл деген нәрсенің екі түрі бар: аңғал ақкөңіл, ақылды ақкөңіл.
2-оқушы: Мақсат
3.Біреудің қатесін орынсыз кешіруге болмайды. 4.Орынды іске, пайдалы қаталдыққа ешкім өкпелемейді.
3-оқушы: Бекет
5.Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ. 6.Опасызда Отан жоқ.
4-оқушы: Жандарбек
7.Отанда опасызға орын жоқ. 8.Отаның үшін отқа түс – күймейсің.
5-оқушы: Ақмаржан
9.Айғаймен ала алмайсың, ақылмен, айламен басқар. 10.Белдескеннің белін сындыр, Тірескеннің тізесін бүктір!
6-оқушы: Шұғыла
11.Қайратыңа әдісіңді жолдас ет,Әдісіңе ақылыңды жолдас ет. 12.Қиын сәтте тізгініңді босатпай, шапшаң да шебер қимылда.
7-оқушы: Гүлназ
- Жігіт болсаң, жігеріңді жасытпа, қайратыңа қайта мін. 14.Халықтың ізгі дәстүрі – біздің ең асыл мұрамыз.
8-оқушы: Дидар
15.Алтын басты болсаң да, ардан артық емессің. 16.Сыртқы тәртіпсіздік – адамның ішкі кемшілігі.
9-оқушы: Арайлым
17.Мейірім болмаса сүйе де алмайсың. 18.Адамзатқа өмірден ар қымбат, өлімнен де ұят күшті.
10-оқушы: Нұрмұхаммед
19.Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындық! 20.Табандылық– батырдың қалқаны.
11-оқушы: Фатима
21.Батылдық – қимыл, әрекет есебін тәуекел етумен үйлестіре алу.22.Көзсіз батырлық – ептілікті батылдық пен ұштастыра білу.
12-оқушы:Марта
23.Ерлік – тәрбиенің жемісі.
Тілге жүйрік, сөзге шешен хас батырдың қанатты сөздері:
13-оқушы: Бекет
Тіл — ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі.
14-оқушы: Жанель
Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту — бүкіл ата-бабамызды, бар тарихымызды ұмыту.
15-оқушы: Фатима
Қазақ тілі — сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тіл.
16-оқушы: Шұғыла
Жақсы сөз жанға — жақын, құлаққа — жағымды, ойға — қонымды келеді.
17-оқушы: Инжумаржан
Сөз жылата да, жұбата да алады.
18-оқушы: Дидар
Тіл тазалығы үшін күрес — ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес.
Мұғалім сөзі:
Бауыржан Момышұлы — педагогика, психология ғылымдарының теориялық мәселелерін соғыс тақырыбына сәйкестендіріп, талдау жасаған бастамашыл жан. «Бауыржан Момышұлы тек атақ -даңқы шыққан батыр ғана емес, терең ойлы, өзіндік пікір толғанысы бар, алғыр да тапқыр азамат» деп бағалаған қазақ халқының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов.
3 бөлім: БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ: ТАРИХИ ТҰЛҒА ЖӘНЕ КӨРКЕМ ОБРАЗ
Мұғалім сөзі:
«Айығар соғыс өрті, жылдар өтер, Ер халық ер ұланын жырлап өтер», – деп ақындарымыз айтқандай адамзат тарихында, халық жадында мәңгі өшпес із қалдырған Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ ұл-қыздарының көзсіз ерліктері мен қаһармандық істері ұрпақтан-ұрпаққа ұдайы жырлана берері сөзсіз.
Қазақ тарихында елін, жерін қорғаған талай қаһарман тұлғалар, яғни батырлар дүниеден өтті. Олардың есімі еш уақытта халық санасынан өшкен емес. Халық өз батырларын мадақтай білді. Олар жайында көптеген аңыз- әңгімелер, жырлар жазылды. Ғасырдан-ғасырға, ауыздан-ауызға жырланып жеткен жыр, әңгімелерде сол кезеңнің тарихы, батырлардың ерліктері сөз болды. Абылай, Бөгенбай, Қабанбай, Қасым, Кенесары, Наурызбай, Ағыбай Сырым, Исатай сынды батырлар туған топырақта Бауыржан Момышұлы дүниеге келді. Осындай қасиетті топырақтан шыққан, ата-баба дәстүрін ұстанған Бауыржан да қаһармандығымен көптің ортасынан жеке даралана білді.
Бауыржан Момышұлын тарихи тұлға дейміз. Өйткені ол кісінің есімі Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерлігімен бүкіл Кеңес Одағына танылды
Көрініс: «Бауыржанның әскерге аттанар алдындағы бейнесі» (қатысушылар: автор, Бархан Борис Михайлович – республикалық банк меңгерушісі, Бауыржан және оның әкесі)
Автор:Анель. Бауыржан амалсыздан үстіне әскери киім киіп, беліне наган асынып, командир болып шыға келді. Қызмет орнымен есептесіп, үйімен қоштасып қайту үшін оған бір апта уақыт берілді. Банк меңгерушісі өз кабинетіндегі барлық қызметкерлерді жинап, Бауыржанның әкесіндей мейірбандықпен сөз сөйледі.
Банк меңгерушісі: Дамира. Міне , жолдастар, бүгін ортамыздан ең таңдаулы қызметкерлеріміздің бірін сүйікті армиямыздың қатарына аттандырғалы отырмыз. Қымбатты Бауыржан, абыройлы болғайсың, қарағым. Отан даңқын, Отан салтын, Отан шебін қырағы күзете біл. Біздің айтар өсиетіміз осы. Қызыл Армияның қатарында қызмет ету-совет азаматы үшін ең елеулі құрмет. Осы құрмет біздің ортамыздан тек сенің ғана еншіңе тиіп отыр. Жолың болсын, балам…
Автор: Анель. Бауыржан екі айлық демалыс қаражатын алып, сексенге тақап қалған кәрі әкесімен қоштасу үшін Алматыдан шығып, Бурныйға тартады. Алыс жолға аттанар сәтінде әкесі Бауыржанға өзінің ақ батасын береді.
Әкесі: Рамазан.-Ақ жүрек болып жолдасың, адалдық сені қолдасын.
Жақсылық үшін тірессең, жаныңды арың қорғасын.
Арынды болсын шабысың, алымды болсын табысың,
Найзадай болсын намысың.
Ер жігітке бәрі сын.
Қиындық көрсең мұқалма, ауырлық көрсең жұқарма,
Қамқоршы бол кішіге, үлкенді үлгі тұт алға!
4 бөлім: Бейбіт күндегі еңбек жолдары туралы деректер
Мұғалім сөзі:
Отан соғысы кезінде ұрыс жүргізудегіәскери шеберлігімен, тапқырлығымен және жеке басының ерен ерлігімен ерекше көзге түсті, батырлық атақ-даңқы аңызға айналды. Бауыржан атамызға берілген атақтар.
Көрініс: «Бауыржанның ақындық тұлғасы немесе бейбіт күнде Жамбылмен кездесуі».
(қатысушылар: автор, Сәбит Мұқанов, Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлы)
Автор:Анель. Сол күні кешке Сәбит пен Бауыржан Ұзынағашқа барды. Жамбылдың үйіне кіріп, бір бөлмесінде жантайып жатқан жұдырықтай ақсақалға сәлем берді. Жамбыл Сәбитке сығырая қарады.
Сәбит:Дидар. Ассалаумағалейкум, тәте! Мынау майданда жауды жайпап жүрген Бауыржан деген балаңыз. Талай немісті қырып салған нағыз ердің ері. Сізге арнайы сәлем бере келді.
Жамбыл: Рамазан. Түсі тым суық екен, болса болар! Батыр болсаң сен Өтеген мен Сұраншыдан күштімісің, соны айтшы?
Бауыржан:Нұрмұхаммед. Өтеген қаптап келе жатқан өрт сияқты да, Сұраншы сарқырап аққан су сияқты батыр болатын. Жүниеде от пен судан күшті жоқ. Мен ол екеуінің ешқайсысына да пар келе алмаймын. Мен- оттың ұшқыны, судың тамшысы ғанамын, Жәке.
Автор: Анель. Бауыржанға риза болған ақсақал өзінің ақ батасын береді.
Жамбыл: Рамазан. -Әй, Сәбит, мынауыңның түрінде ғана емес, тілінде де бірдеңе бар екен. Жайыңдар алақандарыңды, батамды беріп жіберейін.
Әумин!
Батырдың жолы болсын!
Самғаған қолы болсын!
Түсі де суық екен,
Ісі де долы болсын, аллауәкпар!
Жазушы Бауыржан. Соғыс аяқталғаннан кейін батыр атамыз сүйікті Отанына деген махаббатын, өзін көптен мазалап жүрген үлкен ойларын көркем сөзбен адалдықты, ерлікті ту етіп тамаша кітаптар жазды. Олар: «Қанмен жазылған кітап», «Москва үшін шайқас», «Генерал Панфилов», «Майдандағы кездесулер», «Төлеген Тоқтаров», «Бір түнгі оқиға», «Ұшқан ұя», «Куба әскерлері», «Адам қайраты» және басқа да кітаптары көпшіліктің сүйіп оқитын шығармасына айналды.Сонымен қатар жауынгер жазушы Әзілхан Нұршайықов Бауыржан Момышұлының үйінде жиі болып әңгіме дүкен құрып, өзінің көкейіндегі сұрақтарына жауап алып «Ақиқат пен аңыз» кітабын Баукеңнің өмір жолын сұхбат түрінде жазып шықты. Осы шығарманы оқи отырып, атамыз туралы ақиқат пен аңызға көз жеткізуге болады .
Бейнеролик: «Бауыржанның өз сөзі»
«Бауыржан»-өлеңі. Мәнерлеп оқиды. Мырзагерей Асқар
Мұғалім сөзі:
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ қаламгерлерінің ішінде өз ұлтын Бауыржан Момышұлындай сүйетін жазушы жоқ» деген болатын. Қолына 18 жасынан қалам ұстаған жазушының күнделіктері естеліктері, танымал шығармалары, хаттары жинақталған 30 томдығы Бауыржантанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының басшылығымен жарық көрді. Бауыржан Момышұлы мен жазушымын, ақынмын деп ешқашан айтпаған. Оның шығармаларының оқиғасы өз өмірінен алынған, басынан өткен оқиғаларды жазған . Ол екі тілде еркін жазған талғампаз жазушы. Бауыржан Момышұлы 1942 жылы 6 маусымда Қызыл Ту, 1970 жылы Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, I дәрежелі Отан соғысы,1945 жылы 1 шілдеде 2 рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі»ордендерімен, медальдармен марапатталған. 1990 жылдың 11 желтоқсанында КСРО Президенті Жарлығымен 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында неміс – фашист басқыншыларымен күресте көрсеткен батырлығы мен ержүректілігі үшін полковник Б. Момышұлына Кеңес Одағы Батыры атағы қайтыс болғаннан кейін берілді. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы»деген атақ берілді.2000 жылы «Ғасыр адамы» деп танылды. Бауыржан ерлігі ешқашан ұмытылмайды
