JOSPARLAR.KZ-Орта мерзімді және Қысқа мерзімді Сабақ Жоспарлар сайты

Сабақ жоспарлар сайты 2019-2020ж

МҰҒАЛІМ ҚАНША ЖЫЛДА ҚАЖИДЫ?

Мұғалім қанша жылда қажиды?

 «Бір күн ашыққанан қырық күн ақыл сұрама» дейді қазақ. Ал, жапондар он бес жыл ұстаздық еткеннен жол ережесін сұрамайды. Өйткені, олардың айтуынша, осынша уақыттан кейін мұғалім есте сақтау қабілетін жоғалта бастайды.

Кімнің зейнетке қай жаста шығатынын әр мемлекет экономикалық және әлеуметтік жағдайына қарай анықтайды. Мәселен, 2-3 жыл бұрын литвалық мұғалімдер 30-жылдық еңбек өтілімен 55 жаста зейнетке шығу туралы бастама көтерген болатын. Айтуларынша, мектепте со жасқа дейін жұмыс істеуге қажыр-қайраты жетеді-міс.

Соңғы кездері Еуропамен бірге ТМД елдері де зейнет жасын ұлғайту туралы жиі айта бастады. АҚШ ғалымдары да болашақта тәжірибелі ұстаздардың көбейетінін мәлімдеп отыр. Яғни, 2040 жылы әлемде қарттардың саны 7-ден 14%-ға артып, 1,3 миллиардқа жетеді. «Осының салдарынан қарапайым отбасыдан бастап мемлекеттік зейнетақы жүйесіне дейінгі барлық құрылымда елеулі өзгеріс болады», — дейді ғалымдар.

Ұлыбритания зейнет жасына соны өзгеріс енгізді. Яғни, енді кімнің қанша жыл жұмыс жасайтыны – өз еркінде.

Әйтсе де, ағылшындарды қазақтармен салыстыра алмайсыз. Арасы – жер мен көктей. Мәселен, ұлыбританиялықтар орта есеппен 81 жыл өмір сүреді екен. Ал, Қазақстанда бұл көрсеткіш – 70,3 жасты құрайды. Айырмашылығын өзіңіз бағамдай беріңіз. Бірақ сол Ұлыбританияның өзінде мұғалімдер тез шаршайтынын алға тартып, зейнетке ерте шығады. Тіпті тұрмысы жайлы саналатын француз мұғалімдері 25-жылдан кейін демалысқа шығып, үкіметтен екі еселенген жәрдемақы алады. Мұндай тәжірибе көршілес Өзбекстанда да бар.

Қайбір жылдары Елбасы Н.Ә.Назарбаев мұғалімдер «жиырма бес жылдық еңбек өтілімен зейнетке шығу» мәселесін көтерген болатын. Сол кездегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова Қазақстанда зейнет жасының қысқартылмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, «еңбекке жарамды жас» қысқарған сайын болашақ зейнеткерлердің зейнетақысы да азая түседі. Ал зейнет жасын 63-ке ұлғайтамын деген экс-министр Серік Әбденов «тағында» 10 ай отырмай жатып, басы дауға қалды, сөйтіп қызметінен кетті. Кейін Президент әйелдердің зейнет жасын ұзарту 2018 жылға дейін шегерілетінін айтты.

Жалпы, осыдан соң, онсыз да айлығы шайлығына әзер жетіп жүрген ұстаздардың зейнетке шығуға неге ұмтылмайтынын біле беріңіз. Қазақстандағы мұғалімдердің басым бөлігі – бұрыннан дәріс беретін ұстаздар, ал олар зейнет жасына таяған. Әсіресе, ауылдық жерлерде орыс тілі, ағылшын тілі, информатика, химия, физика сынды пәндердің оқытушылары жетіспейді. Ал, қолында дипломы бар жас маман лажы болса, басқа жұмыс табады. Ел арасында «жақсы оқитындар мектепке бармайды» деген пікір жиі айтылады. Бұл мұғалімдердің беделіне одан сайын нұқсан келтіріп жатыр. Неге жастар мұғалім болудан қашады? Мұның себебі тек жалақының аздығында ғана болмаса керек. Әу бастан мұғалім болғысы келмей, оқуға ата-ананың айтуымен, туыстардың мәжбүрлеуімен түсетіндердің көптігін жасыра алмайсыз. Тіпті кейбірі әйтеуір диплом кереек болған соң бара салады. Ал, оқу орнын үздік тәмамдаған соң басқа мамандықтың тізгінін ұстап кетеді. Өйткені мектепте карьералық өсу, мақтау қағазын алу тұрмақ, жақсы жалақыны армандаудың өзі қиын. Мұғалім көп, берілетін марапат аз. Ащы да болса, бүгінгі жастардың бет-бейнесі осындай.

Рас, мектепте білімі, сабақ беру тәсілі сын көтермейтін мұғалімдер бар. Бірақ «көпке топырақ шашуға болмайды». Өйткені ауылда, тіпті қалалық жердің өзінде мұғалімдер қоғамдық жұмыстарға көп тартылады. Көпшілік мәдени шараларда кісі қарасын көбейтіп тұратын да – мұғалім. Мұндайда сабақ өтпей қалып та жатады.

Яғни, мұғалім қоғамдық жұмысқа да, мектепке де, үй шаруасына да қатар үлгеруі керек. Оған жалақының мардымсыздығы мен баласының нашар оқитынын тек ұстаздан көретін, қит етсе, білім бөліміне жүгіретін ата-ананы қосыңыз. Осының бәрі бізде, Қазақстанда білім саласының әлі де реформалайтын тұсының көптігін дәлелдей түседі.

Ал, енді қараңыз. Осындай жағдайда мұғалім неше жыл жұмыс жасай алады? Олар құрметті демалысқа қашан шығуы тиіс? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман? Біз осы мәселеге мұғалімдердің көзқарасын білгенді жөн көрдік.

 

Әлияш РШЫМБЕТОВА, тәжірибелі (33 жыл) мұғалім:

–  Баяғыда шәкірті ұстазынан «Апай, жағдайыңыз қалай?» — деп сұрапты. Сөйтсе мұғалім:

– Бұрын пионер вожатый болып едім, қазір Баба Яга атандық, — деген екен. Мұны не үшін айтып отырмын. Яғни, мұғалім оқушының алдында әрқашан идеал болып қалуы керек. Оның беделі, абыройы жоғалмауы тиіс. Баланың алдына қаусап, ақсаңдап келуге болмайды. Оқушы мұғалімін әрдайым әдемі, жинақы, білімді, мұқият адам ретінде еске алуы керек. Ал, 25 жылдан астам жұмыс жасағаннан кейін мұғалім шаршап, шалдыға бастайды. Бұрынғыдай жұмысына, үсті-басына, қағаз-дәптерлеріне көңіл бөле бермейді. Алдындағы оқушысынан гөрі үйдегі бала-шағасын, бітпей қалған шаруасын көбірек ойлап тұрады. Оған қоса, заманның көшіне ілесіп, соңғы технологияларды игеріп әкете алмайды. Жаңа нәрсеге бейімделуі жылдан-жылға кеми түседі. Меніңше, 25 жылдан кейін мұғалімдердің зейнетке шығуына жағдай жасалу керек.

 

Гүлнар МАҢҒЫБАЙ, әдіскер мұғалім:

– Көп нәрсе мұғалімнің біліктілігіне, біліміне байланысты. Тәжірибелі, білікті мұғалімдердің арамызда неғұрлым ұзағырақ жұмыс жасағаны дұрыс. Оқушыны ойлауға, сөз шеберлігіне, еңбек ете білуге үйретеді. Тек оқушылар ғана емес, жас мұғалімдердің олардан алары, үйренері көп. Жас мұғалімдерге қарағанда жауапкершілігі мол. Ал, жаңа бітіріп келгендер мамандығын жақсы көрмей ме, әлде о бастан мамандығын дұрыс таңдамай ма, әйтеуір, бір-екі жыл жасағаннан кейін, жалақысы жақсы, жүйкені жұқартпайтын жұмысқа ауысып кетеді.

 

Ақгүл АКИМОВА, мұғалім:

– «Адамның бір қызығы – бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім» деп Абай айтқандай, мұғалімдіктің өз қызығы бар. Бірақ қиындығы көп. Күрделі мамандық. Бірнеше жыл тапжылмастан бір жерде отырасың. Бүкіл күшің, энергияң жұмысқа кетеді. Шаршайсың. Өзімнің еңбек өтілім 15 жылдан асты. «Кемеңгерге де кеңес керек», — демекші, соның өзінде білмейтінімді сұрап, тәжірибелі ұстаздардың көмегіне жүгініп отырамын. Тәжірибенің аты – тәжірибе. Олар баламен қалай жұмыс істеу керектігін біледі. Ортада сыйлы, беделді. Меніңше, мұғалімнің денсаулығы болса, қанша жыл еңбек етсе де, айыбы жоқ. Сондықтан мұғалім пәлен жыл сабақ беруі керек деп шектеу қоймаған дұрыс.

 

Ағуза РАМАЗАНОВА, психолог:

– Салыстырмалы түрде айтсақ, бәсекеге қабілетті елдердің арасында, мәселен, Америкада мұғалімдерді 15 жылдан кейін зейнетке шығарады. Яғни, жұмыс мазмұнын өзгертеді. Қалалық білім бөлімі, әдістеме орталығы сынды баламен тікелей жұмыс жасамайтын мекемелерге ауысады. Өйткені мұғалім дем алуы керек. Үнемі баламен жұмыс жасау адамды шаршатады. Мұғалімге баланың деңгейімен ілесіп жүру – өте қиын. Сондықтан ең шегі – 25 жыл болуы керек.

Кейбір мұғалімдер одан да көп уақыт қызмет атқара береді. Олар қандай мұғалімдер? Мұғалім көп, нағыз ұстаз мыңнан біреу. Бүгінде Маңғыстау облысы бойынша, 7000-нан астам мұғалім бар. Соның шамамен 450-і жоғары санатты. Бірақ оның бәрін ұстаз деуге болмайды. Күнделікті сабағын беріп кетіп жүргендерді мұғалім деуге болады. Ал, ұстаз бала үшін жаны ауырып, қанша жасқа келсе де, оқушыны жалықтырмайтын, өзі де жалықпайтын адам. Ұстаз артына шәкірт ерткен, шәкірті өзінен озған жан.

Ал, мектепке үздік бітіргендер келмейді дегенге де келіспеймін. Олар – жүрегімен мүғалімдікті қаламағандар. Қызыл дипломмен бітіріп тұрып қарапайым мектепке жұмысқа орналасуға көкірегі жібермейді. Одан да жақсы жұмыс тауып кетуге тырысады. Әрине, үшке оқығандарға мұғалім болу – қиындау. Дер кезінде жақсы білім алмағаны кедергі жасайды. Бірақ көп оқып, көп ізденсе, ақыр түбі жақсы мұғалім шығады.

Гауһар БЕКТАСҚЫЗЫ, мұғалім, жас маман:

– Мұғалімның қанша жыл жасауы ұжымға, ортаға, мұғалімнің білімі мен білігіне, сабақ беру тәсілі мен оқушылардың қалай қабылдауына байланысты. Өзім демалыс кезінде де мектепке асығып тұрамын. Оқушылар каникулға шыққанда үйге сыймай кетем. Жұмысты жаңа бастап жатқан жас маман болған соң ба, қашан зейнетке шығарғанша тынбастан жұмыс істеуге дайынмын.

 

Марат ӘДІЛБЕКОВ, оқушы:

– Үлкен апайлар сабақты жақсы, өз деңгейінде бере алмайды. Оқушылар болып сыныпта шулап, мұғалімнің айтқанын тыңдамай кетеміз. Үлкен мұғалімдер «оқыса да өзі үшін, оқымаса да өзі үшін» деген қағиданы ұстайтын сияқты. Ал, орта жастағы апайлар қалай да оқыту керек, қалайда сабақты білгізу керек дейді. Қарап отырсаң, мектепте физика, химия, тарих сияқты пәндерден зейнетке шыққан апайлар береді. Меніңше, бұлар мұғалім дұрыс түсіндірмесе, қайталап сұрамаса, оқуға қиын сабақтар. Ал, біз түсінбесек те параграфты жаттап алып, айтып беріп, баға аламыз. Жас апайларды оқушылар менсінбейді. Өйткені жаңа бітіріп келген апайлар көп айқайлайды, көп ұрысады. Сосын айтқанын тыңдамай, сабағын оқымай, жылатып жіберетін кездеріміз болады.

Дайындаған — Ләззат ОҢҒАЛТАЙ, Теңге БЕКМҰРЗА

Дереккөз: http://qaznews.kz/mugalim-kansha-zhylda-kazhidy.html

Следи за нами в FaceBook.
Все новые статьи и много уникального!
Спасибо, не показывайте мне эту штуку больше!
Друг, не уходи!
Друг, не уходи!